«Kazakhstan Paramount Engineering» ЖШС — технологиялар, инженерия және ұлттық индустрия жолындағы 10 жыл

10.12.2025

Бүгін Kazakhstan Paramount Engineering ұжымы үшін ерекше күн — кәсіпорынның құрылғанына 10 жыл толды. Бұл — тек компанияның мерейтойы ғана емес, бүкіл ұлттық қорғаныс-өнеркәсіп кешені үшін маңызды белес.

Осы он жыл ішінде компания алғашқы өндірістік кешенді іске қосудан бастап, дөңгелекті құрышты көлікті шығаратын Қазақстандағы жетекші кәсіпорындардың біріне айналды.

Біз заманауи технологияларды енгізіп, инженерлік құзыреттерді дамыттық, өндірістің терең локализациясын қалыптастырдық және зауыттың айналасында тұрақты өнеркәсіптік экожүйе құрдық.

Бұл мерейтой — Қазақстандағы қорғаныс саласындағы алғашқы табысты технология трансфері жобасының нышаны. Осы жобаның арқасында еліміз мина мен баллистикалық қауіп-қатерге төзімді заманауи құрышталған көліктер өндірісінің толық технологиясын игерді.

Қазіргі таңда кәсіпорын тек алынған технологияларды қолданумен шектелмей, тың техникалық шешімдер әзірлеп, инжинирингтік дамуды жалғастырып келеді.

Бүгінде компания — 500-ге жуық тұрақты жұмыс орны, сондай-ақ өндіріс үдерісіне тартылған жүздеген отандық серіктес компаниялардың басын қосатын үлкен индустриялық платформа.

Жобаның негізін қалаушы, Қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығы басқармасының төрағасы Айбек Айдарұлы мерейтой аясында компанияның маңызын былай деп атап өтті:

— Бұл біз үшін алғашқы ірі мерейтой. Біз Қазақстан Республикасының Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа кәсіпорынды бірнеше рет қолдап айтқан жылы лебіздері үшін, сондай-ақ отандық қорғаныс өндірісін дамытуға бағытталған ұстанымы үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз! Осы жылдар бойы бізді қолдап келе жатқан барша жандарға рақмет! — деді Айбек Айдарұлы.

Оның бастамашылдығы мен стратегиялық көзқарасының арқасында бүгінде ортақ құндылықтар мен миссияны бөлісетін, Barys DYNAMICS холдингінің мақсаттарына қызмет ететін нағыз Dream Team қалыптасты.

Мерейтойлық жиынға ҚР Қарулы күштерінің қолбасшылары, арнайы мақсаттағы бөлімше командирлері, ардагерлер, сондай-ақ шетелдік әскери атташелер қатысты.

Салтанатты рәсім барысында жауынгерлік техниканы мінсіз пайдаланып, тұрақтылық, ұқыптылық және кәсібилік танытқан үздіктер төмендегі номинациялар бойынша марапатталды:

  • «Үздік техник» — құрышталған дөңгелекті көлік пайдалану мен жөндеуді сапалы ұйымдастырғаны үшін;
  • «Үздік жүргізуші» — техниканы үлгілі жағдайда ұстап, апатсыз пайдалану үшін;
  • «Үздік жауынгерлік машина көздеушісі» — қаруды меңгерудегі жоғары кәсіби шеберлігі үшін.

Мерекелік концертті ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық ансамблінің артистері және Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрінің шығармашылық ұжымы өнерімен сәндендірді.

Біз мерейтойлық шараға қатысып, қолдау білдірген барлық серіктестерге, әріптестерге, саланың ардагерлері мен қонақтарға шынайы алғысымызды білдіреміз.

Сіздердің еңбектеріңіз, қолдауларыңыз бен дамуға деген ұмтылыстарыңыз компанияның нық алға жылжуына, ұлттық индустрияның күшеюіне және болашақ жетістіктерге жол ашуына мүмкіндік береді.

Біз бірге кәсібилікке, жауапкершілікке және отандық өндірістің әлеуетіне деген сенімге негізделген жаңа тарихты қалыптастырып келеміз.