Сербия Президенті «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС келді

09.06.2017

Бүгін Астанаға ресми сапары аясында Сербия Республикасының Президенті Александр Вучич «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС болды.

Компанияның бас директоры Ербол Сәлімов А.Вучич пен оны алып жүрген қонақтарға зауыттың өндірістік мүмкіншіліктерімен таныстырып, кәсіпорынның даму болашағын айтып берді.

Сербия Президенті «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС жабдықталу деңгейі мен  өндірістік әлеуетіне жоғары баға берді. Зауыт шығарып отырған броньды техникалары «Арлан» БДМ және «Барыс 8х8» БТР А.Вучичтің қызығушылығын тудырды.

Сербиялық тарап қазақстандық кәсіпорынмен табысты ынтымақтастыққа мүдделі екендігін білдірді.  

Анықтама:

«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС Орталық Азиядағы минаға қарсы күшейтілген қорғанысы бар MRAP үлгісіндегі заманауи броньды дөңгелекті машина өндіретін алғашқы зауыт. Кәсіпорын «Арлан» БДМ, «Номад» БДМ және «6х6», «8х8» дөңгелекті формуласындағы «Барыс» БТР сияқты броньды техниканы шығарады. Аталған машиналар өз классындағы әлемдегі ең үздік болып саналады.

2016 жылдың желтоқсан айында зауыт өзінің өнімімен қазақстандық армияны қаруландыруға бағытталған «Арлан» броньды дөңгелекті машинасын жеткізу бойынша келісім-шартын табысты орындады.

«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС баспасөз қызметі