2025 жылғы 4 сәуірде зауытымызда ҚР Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовқа Terrex – Barys-A 8×8 жаңа амфибиялық дөңгелекті жауынгерлік машинасы таныстырылды.
Бұл техника Мемлекет басшысы — Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы қойған міндетті жүзеге асыру аясында әзірленіп, әскерімізді заманауи, тиімді қару-жарақ пен техникамен жабдықтауға бағытталған.
«Халықаралық шиеленіс артқан кезеңде жоғары локализациямен отандық өндірісті дамыту — аса маңызды міндет. Біз қазіргі заман талабына толық сай келетін, кең ауқымды міндеттерді орындай алатын техниканы өзімізде жасап үйренуіміз қажет», — деді Қорғаныс министрі.
Жоба Сингапурдың ST Engineering Land Systems компаниясымен технология трансфері негізінде іске асырылып отыр. 2024 жылдың қарашасында жасалған келісім аясында қазақстандық тарап Terrex 2 жаңа модификациясының жобалық-техникалық құжаттамасы мен өндірістік технологияларын алу құқығына ие болды. Сонымен қатар, отандық инженерлерді оқыту, өндірістік желіні кеңейту және жергілікті өндірісті іске қосу қарастырылған.
Terrex – Barys-A 8×8 — климаттық және географиялық ерекшеліктерді ескере отырып жасалған, көп мақсатты, амфибиялық жауынгерлік машина. Ең басты артықшылықтарының бірі — қос V-тәрізді түбі арқылы минадан қорғаныс деңгейінің жоғары болуы. Сондай-ақ, бұл техника 3 балдық толқынға дейінгі су кедергілерінен өтуге қауқарлы.
Машина Caterpillar C9 турбоқозғалтқышымен (600 а.к.), Allison 4500SP автоматты трансмиссиясымен жабдықталған және 90 км/сағ дейін жылдамдықпен қозғала алады. Су үстінде қозғалу жылдамдығы — 11 км/сағ дейін. Экипаж — 2 адам, десант құрамы —толық жабдықталған 12 сарбаз.
Құрышталған көлік 7,62 мм-ден 105 мм-ге дейінгі калибрлі қару модульдерімен жабдықталуы мүмкін. Бұл жүйе әуе нысаналарын, оның ішінде дрондар мен тікұшақтарды да жоюға мүмкіндік береді. Заманауи цифрлық архитектура мен 11 камералық шолу жүйесі командир мен жүргізушіге толық шолу береді.
2025 жылға қарай KPE зауытының өндірістік қуаты жылына 500 бронемашинаға дейін жетеді. Локализация деңгейі — 72%-ға дейін. Бұл еліміздің қорғаныс тәуелсіздігін күшейтіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға жол ашады.