«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС қызметкерлеріне кәсіподақ билеттері табысталды

08.06.2018

«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС жыл басында бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылып, ол қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, жұмыс жағдайын жақсарту және әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету мақсатында құрылған еді. Сайып келгенде, кәсіподақ ұйымы жұмыскерлердің атынан жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдік беретін келісімдер мен ұжымдық шартқа қол қойды.

«Компания басшылығы зауыт жұмыскерлерінің өмір сүру деңгейін көтеру және әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету үшін жаңа мүмкіндіктерді табуға тырысты. Енді зауыт қызметкерлерінің негізгі еңбек демалысына қосымша демалыс күндерін, бір айлық еңбекақы мөлшерінде емделуге жәрдемақы, сонымен қатар бір айлық еңбекақыға үстеме және материалдық көмек алуға құқы бар», деп айтты Бас директордың орынбасары Көбей Жаңбыршы.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақ күніне орай машинақұрастыру салалық одағының Төрағасы Қайырбек Құсайынов зауыт қызметкерлерін құттықтап, алғыс хаттар мен кәсіподақ билеттерін табыстады. 

«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС баспасөз қызметі