Kazakhstan Paramount Engineering зауытына Түркіменстан Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары бастаған әскери мамандар делегациясы келіп, өндіріс үдерісімен танысты. Бұл сапар – бауырлас елдердің қорғаныс саласындағы әріптестігі тереңдеп келе жатқанының айғағы.
Қонақтарды зауыттың техникалық директоры Мұхтар Әлмұханов қарсы алып, өндірістік желілердің жұмысын таныстырып, қонақтардың сұрақтарына жан-жақты жауап берді.
Kazakhstan Paramount Engineering — өз конструкторлық бюросы бар, толық циклді өндірістік кәсіпорын. Біз шикізат түріндегі құрыш пластинадан бастап, дайын әскери техниканы өндіруге дейінгі барлық кезеңді жүзеге асырамыз. Бұл бізге әрбір тапсырыс берушінің талаптарына сай техникалық шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді.
Зауытта жасалған техника түрлі сынақтардан және нақты әскери жағдайлардан өтіп, өзінің сенімділігі мен тиімділігін дәлелдеді. Біздің техникалар тек қорғаныс саласында ғана емес, азаматтық қорғаныс ведомстволарында да сәтті қолданылып келеді.
Мәселен, құрышталған «Арлан» мен «Алан» көліктері арнайы мақсаттағы бөлімшелердің күнделікті жұмысында қолданылуда. Ал «Алан-2» көлігі биыл Төтенше жағдайлар министрлігіне тапсырылып, радиациялық-химиялық барлау жұмыстарын орындауға арналған заманауи құрылғылармен жабдықталған.
Біздің табысымыз — тек өндірісте емес, сервистік қолдау мен мамандарды оқыту жүйесінде де көрініс табады. Бұл техниканың ұзақмерзімділігі мен сенімділігін қамтамасыз етеді.
Kazakhstan Paramount Engineering – тек өнім шығарып қана қоймай, түрлі мемлекеттік органдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келе жатқан, тәжірибесі мол, сенімді серіктес.