Қазақстанда аккредиттелген Үндістанның әскери атташесі Панкаж Кумар «КРЕ» зауытына ресми сапармен келді. Қонақты зауыттың техникалық директоры Мұхтар Әлмұханов қарсы алып, өндірістің толық циклымен таныстырды. Сондай-ақ, ол «Barys Dynamics» компаниялар тобының перспективалы жобаларын таныстырды, олардың құрамына «КРЕ» зауыты да кіреді.
Кездесу барысында тараптар қорғаныс өнеркәсібінің қазіргі жағдайы мен әлеуеті туралы пікір алмасты, бұл екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге негіз болды. Осы тұрғыда Үндістанның әскери өнеркәсіп саласындағы тәжірибесі ерекше назар аударды.
Үндістан – қорғаныс өнеркәсібін жүйелі түрде дамытып келе жатқан елдердің бірі. Ол шетелдік озық технологияларды игеріп, өз қарулы күштерінің әлеуетін айтарлықтай арттырды. Бұл бағыттағы табыстың жарқын үлгісі ретінде Kalyani Group компаниясын атауға болады — ол Үндістанның қорғаныс-өнеркәсіп кешенін белсенді дамытуда алдыңғы қатарда тұрған ірі конгломераттардың бірі. Оның еншілес кәсіпорны Kalyani Strategic Systems Ltd (KSSL) артиллериялық жүйелер, бронетехника, оқ-дәрілер, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері және басқа да шешімдерді жобалау мен өндірумен айналысады.
Бұл компанияның өнімдері локализация мен ынтымақтастық мүмкіндіктері тұрғысынан үлкен қызығушылық тудырды. Мысалы, Kalyani M4 бронды көлігі Ладакх аймағында сәтті сынақтан өтіп, Үндістан армиясының қолданысына берілген. Қазіргі таңда осы үлгінің отандық баламасын, яғни «Barys 4*4» көлігін «КРЕ» зауытының инженерлері өдіріске қоюда. Бұл көлік жоғары мобильділікке, қорғанысқа және әмбебаптыққа сай әзірленуде.
Әскери атташенің бұл сапары Қазақстан мен Үндістан арасындағы қорғаныс өнеркәсібі саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы болды. Тараптар серіктестік байланыстарды әрі қарай дамытуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асыруға ортақ мүдделілік білдірді.